Бас консул достық үйінде

Published by admin on 9 Маусым 2011


Германия Федеративтік Республикасының бас консулы Герольд Амелунг облыстық Достық үйінде журналистер сұрақтарына жауап берді.
Бас консул өзінің Ақтөбеге сапарын неміс киносы апталығының басталуымен байланыстырады.


— Мұндай шаралар бұрын Астанада, Алматыда өтіп жүрсе, енді облыс орталықтарында да қолға алғанды жөн көрдік, — дейді ол.
«Меге Ақтөбе» сауда, ойын-сауық орталығында ақтөбелік көрермендер назарына төрт туынды ұсынылмақ.


— Олардың бірі — ғарыштық туристер туралы фильм. Бұл фильмнің бір бөлігі Қазақстанда түсірілгендіктен, сіздер үшін қызық болар деп ойлаймын, — деді бас консул.
Журналистер сауалдары, негізінен, Қазақстаннан Германияға көшіп барған немістер төңірегінде болды.


— Қазақстаннан көшіп барған немістер қалай өмір сүріп жатыр? Бұл жөнінде нақты бір зерттеу еңбек жоқ. Бірақ бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланымдар жарық көріп тұрады. Негізінен, олардың көп бөлігі Германия өміріне үйренісіп, сіңіп кетті. Менің зайыбымның ата-анасы тұратын қаланың маңында Қазақстаннан көшіп келген немістерден құралған деревня бар. Сол деревняның тұрмыс-тіршілігіне қарап, ол жаққа көшкен немістер жақсы тұрады деп айта аламын. Ал Қазақстанға кері қайтып жатқандарды екі топқа бөлуге болады: біріншісі, қарт адамдар. Олардың бүкіл ғұмырлары Қазақстанда өтті. Өмірлерінің ең жақсы, сәулелі тұстары осы Қазақстанмен байланысты. Сондықтан олар басқа жерге көндіге алмайды, әрине, қартайғанда өмірді қайта бастау оңайға соқпайтыны түсінікті. Ал екінші топты, керісінше, Германияға тез бауыр басып, ондағы мүмкіндіктерді барынша пайдалана алғандар құрайды. Олар — Германияда жаңа іс бастап, табысқа жеткен соң, енді өз істерін қалай кеңейтуді ойлағанда, алдымен өздері туып-өскен Қазақстанды еске алып, түрлі жобалармен осы жаққа келіп жатқан бизнесмендер. Бұлар екі ел арасындағы экономикалық қатынастардың нығаюына үлес қосып отыр, — деді Герольд Амелунг.

Журналистер тарапынан: «Германияға көшуге ниет білдіргендер арасында қазақтар бар ма?» деген сауал қойылды. Бұған бас консул: «Қазақтар — туыстық байланыстар кең қанат жайған, елін, жерін сүйетін халық. Сондықтан олардың басқа жаққа көшсем деп ниет етуі — өте сирек кездесетін жағдай», — деп жауап берді.

Журналистермен кездесуден кейін бас консул облыстық «Возрождение» неміс этномәдени бірлестігі өкілдерімен жүздесті және Достық үйіндегі ұлттық-мәдени орталықтардың қолданбалы өнер көрмесін аралап көрді.


И. ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.
 

Добавить комментарий


Защитный код
Обновить